«Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 2 шілдедегі № 167-VІ Заңы (2026.19.03. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

7. 2025.30.06. № 205-VIII ҚР Заңымен алып тасталды (2025 ж. 31 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

 

11-бап. Қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру

2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Қолма-қол шетел валютасын басқа қолма-қол шетел валютасына немесе қолма-қол ұлттық валютаға сатып алуды және (немесе) сатуды қоса алғанда, Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның өздеріне берілген лицензиясына немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыруға құқығы бар уәкілетті ұйымдар немесе уәкілетті банктер жүзеге асырады. Өзге тұлғалар Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасын сатып алу және (немесе) сату жөніндегі қаржылық қызметтер көрсетуге құқылы емес.

2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2. Айырбастау пункттерінде қолма-қол шетел валютасын сатып алу және (немесе) сату, қолма-қол шетел валютасын басқа қолма-қол шетел валютасына немесе қолма-қол ұлттық валютаға сатып алу және (немесе) сату бағамдарын белгілеу тәртібі Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.

3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айырбастау пункттері арқылы жүргізілетін операциялар бойынша қолма-қол шетел валютасын қолма-қол ұлттық валютаға сатып алу бағамдарының сату бағамдарынан ауытқу шектерін белгілеуге құқылы. Шетел валюталарының түрлерін және оларға сәйкес келетін бағамдардан ауытқу шектерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейді.

 

2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 12-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

12-бап. Қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыру жөніндегі қызметке қойылатын талаптар

2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның өзіне берілген лицензиясына немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыруға құқығы бар уәкілетті банк Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін айырбастау пункттері қызметінің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабардар етеді.

Уәкілетті банк айырбастау пункті қызметінің басталғаны туралы хабардар етуді айырбастау пункті операцияларды жүргізуді бастаған күннен кешіктірмей жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі хабардар етілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уәкілетті банкке хабарламаны алғанын растайды.

2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2. Уәкілетті ұйым Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі берген қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензияның және уәкілетті ұйымның әрбір айырбастау пунктіне берілетін лицензияға қосымшаның негізінде қызметін жүзеге асырады.

Уәкілетті ұйым Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарған, құймалардағы аффинирленген алтынды сатып алу және (немесе) сату жөніндегі операцияларды өзінің айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыруға құқылы.

Уәкілетті ұйымның басқа заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысуына жол берілмейді.

2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2025.19.09. № 219-VIII ҚР Заңымен (2025 ж. 20 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді

3. Уәкілетті ұйымдарға құрылтайшыларға (қатысушыларға) қойылатын талаптарды, оның ішінде уәкілетті ұйымның жарғылық капиталына олардың салымдарының шығу көздерін ашып көрсетуді, құрылтайшылардың (қатысушылардың) мінсіз іскерлік беделі бойынша талаптарды, ұйымдық-құқықтық нысанына, жарғылық капиталдың мөлшеріне және оны қалыптастыру тәртібіне, сондай-ақ айырбастау пункттерінің үй-жайына, жабдығына және персоналына қойылатын талаптарды қамтитын біліктілік талаптары қойылады.

2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

4. Уәкілетті ұйымда Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясын және (немесе) оған қосымшаны алу үшін айырбастау пунктін орналастыруға арналған үй-жайдың болуы міндетті.

Уәкілетті ұйымдар лицензияны және (немесе) оған қосымшаны алу үшін «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған құжаттардан басқа, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне шетел валютасындағы шотының бар екені туралы уәкілетті банктің анықтамасын ұсынады.

Құжаттар Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыру қағидаларында айқындалған шарттарда және тәртіппен ұсынылады.

2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

5. Қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензияны (оған қосымшаны қоса алғанда) беру немесе лицензияны (оған қосымшаны қоса алғанда) беруден бас тарту уәкілетті ұйым осы Заңда және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген барлық құжаттар мен мәліметтерді ұсынған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

Жарамды лицензияға қосымшаны беру, лицензияны және (немесе) оған қосымшаны қайта ресімдеу немесе осындай құжаттарды беруден бас тарту уәкілетті ұйым осы Заңда және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген барлық құжаттар мен мәліметтерді ұсынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

Лицензияны және (немесе) оған қосымшаны беруден, қайта ресімдеуден бас тартылған кезде өтініш берушіге уәжді жауап беріледі.

6. Лицензияны және (немесе) оған қосымшаны беруден, қайта ресімдеуден бас тарту үшін:

1) осы Заңда және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынбау;

2) өтініш берушінің және (немесе) ұсынылған құжаттардың және (немесе) мәліметтердің осы Заңда және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі негіз болып табылады.

2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

7. Уәкілетті ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптарын қоса алғанда, оларды лицензиялау, уәкілетті банктің айырбастау пункттері қызметінің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабардар ету тәртібі, қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыру жөніндегі қызметке қойылатын талаптар, айырбастау пункттерінің жұмыс істеу шарттары және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарған құймалардағы аффинирленген алтынды сатып алу және (немесе) сату жөніндегі операцияларды жүргізу тәртібі, сондай-ақ есептердің нысандары және уәкілетті банктер мен уәкілетті ұйымдардың оларды ұсыну мерзімдері Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыру қағидаларында айқындалады. 

 

 

4-тарау. ВАЛЮТАЛЫҚ ОПЕРАЦИЯЛАРДЫ МОНИТОРИНГТЕУ.
ВАЛЮТАЛЫҚ ОПЕРАЦИЯЛАР ЖӘНЕ ШЕТЕЛДІК БАНКТЕРДЕГІ ШОТТАР ЖӨНІНДЕГІ АҚПАРАТТЫ ҰСЫНУ

 

13-бап. Валюталық операцияларды мониторингтеу

1. Валюталық операцияларды мониторингтеуді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталық операцияларға қатысушы - резиденттерден және валюталық операциялар бойынша төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыратын уәкілетті банктерден валюталық операциялар, сондай-ақ шетелдік банктердегі шоттар туралы ақпарат алу арқылы жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталық операцияларды мониторингтеу мақсаттары үшін:

1) капитал қозғалысы операциялары солардың негізінде және (немесе) оларды орындау үшін жүргізілетін валюталық шарттарды (бұдан әрі - капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттар) есептік тіркеуді жүзеге асырады және олар бойынша жүргізілетін валюталық операциялар мен оларға байланысты бейрезиденттерге қойылатын талаптар және бейрезиденттер алдындағы міндеттемелер туралы ақпарат алады;

2) валюталық операциялар бойынша жүргізілген төлемдер және (немесе) ақша аударымдары туралы ақпаратты қоса алғанда, жүргізілген валюталық операциялар туралы хабарламалар алады;

3) резиденттер (банктерді және шетелдік ұйымдардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда) ашқан шетелдік банктердегі шоттар туралы хабарламалар алады және осындай шоттарды есептік тіркеуді жүзеге асырады;

4) шетелдік қаржылық емес ұйымдардың Қазақстан Республика сында қызметін жүзеге асыратын филиалдарынан (өкілдіктерінен) тұрақты негізде ақпарат алады;

2025.18.07. № 215-VIIІ ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)

5) Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 679-бабы 1-тармағының 39) тармақшасына сəйкес, бейрезиденттің Қазақстан Республикасындағы көздерден алатын кірісі деп танылатын операциялар туралы мəліметтерді мемлекеттік кірістер органына ұсынады.

2. Валюталық операцияларды мониторингтеуді ұйымдастыру және жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі немесе уәкілетті банктер осы Заңда белгіленген жағдайларда, солардың негізінде және (немесе) оларды орындау үшін валюталық операциялар жүзеге асырылатын валюталық шарттарға, сондай-ақ резиденттердің (банктерді және шетелдік ұйымдардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда) шетелдік банктердегі шоттарына есептік нөмірлер береді. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттарға, резиденттердің (банктерді және шетелдік ұйымдардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда) шетелдік банктердегі шоттарына, сондай-ақ есеп айырысулар осындай шоттар арқылы жүзеге асырылатын экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарттарға есептік нөмірлер береді. Уәкілетті банктер есеп айырысулар уәкілетті банктердегі шоттар арқылы жүзеге асырылатын экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарттарға есептік нөмірлер береді.

Егер капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт экспорттың немесе импорттың жүзеге асырылуын да көздейтін болса және ол бойынша есеп айырысулар уәкілетті банктердегі банктік шоттар арқылы жүзеге асырылатын болса, онда резидент (уәкілетті банкті және шетелдік ұйымның филиалын (өкілдігін) қоспағанда) осындай валюталық шартқа есептік нөмір беруі үшін уәкілетті банкке өтініш жасайды.

3. Валюталық шартқа есептік нөмір берілген кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі немесе уәкілетті банк валюталық шартқа қатысушы - резиденттен валюталық шарттың ұсынылған көшірмесіне қосымша мынадай ақпаратты және (немесе) құжаттарды:

1) сәйкестендіру деректерін, тіркелу елін, валюталық шарт тарапының валюталық шарттың басқа тарапының капиталына қатысуы туралы мәліметтерді қоса алғанда, валюталық шартқа қатысушылар туралы мәліметтерді;

2) валюталық шарттың деректемелері мен сомасын, валюталық шарттың және ол бойынша есеп айырысулардың валютасын, валюталық шарт бойынша міндеттемелерді орындауды аяқтау күнін қоса алғанда, мәміле туралы мәліметтерді;

3) мәміле бойынша есеп айырысулар жүзеге асырылатын шоттар туралы мәліметтерді;

4) валюталық шартқа қатысушылары енгізген өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды және жүзеге асырылатын мәмілеге байланысты валюталық шартқа қатысушылардың өзге де құжаттарын талап етуге құқылы.

 

14-бап. Капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартты есептік тіркеу

1. Капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартты есептік тіркеу осы шартқа есептік нөмір беруді және капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа қатысушы - резиденттің Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне есептік нөмірді пайдалана отырып, ол бойынша мәліметтерді және есептерді кейіннен ұсынуын көздейді.

Есептік тіркеу талаптары қатысушылары резиденттер (уәкілетті банктерді және шетелдік ұйымдардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда) болып табылатын капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттарға қолданылады.

2. Капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа қатысушы болып табылатын резидент (уәкілетті банкті және шетелдік ұйымның филиалын (өкілдігін) қоспағанда) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа есептік нөмір беруі үшін оның тараптарының кез келгені осындай валюталық шарт бойынша міндеттемелерді орындауды бастағанға дейін өтініш жасайды.

Егер капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт бойынша міндеттемелерді резидент орындар алдында мүлік бейрезиденттен резиденттің пайдасына берілсе (ақша түссе), онда капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа есептік нөмір беруге өтініш жасау мүлік резиденттің билік етуіне берілгенге (ақша түскенге) дейін және (немесе) түскен ақша резиденттің уәкілетті банктердегі банктік шоттарына есепке жатқызылғанға дейін жүзеге асырылады.

Егер капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу нәтижесінде есептік тіркеуге арналған өлшемшарттар мен талаптарға сәйкес келсе, онда капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа есептік нөмір беру тараптар енгізілген өзгерістермен және (немесе) толықтырулармен бірге капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт бойынша міндеттемелерді орындауды бастағанға дейін (егер капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілгеннен кейін бейрезидент міндеттемені орындауды бастаса, мүлік резиденттің билік етуіне берілгенге (ақша түскенге) дейін) жүзеге асырылады.

Есептік тіркеуге жататын капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттар бойынша уәкілетті банктердегі банктік шоттар арқылы төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүргізу есептік нөмір болған кезде ғана жүзеге асырылады.

3. Резидент (уәкілетті банкті және шетелдік ұйымның филиалын (өкілдігін) қоспағанда) капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартты есептік тіркеу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне:

1) резиденттің сәйкестендіру нөмірі көрсетілген өтінішті, жеке тұлғалар үшін - жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін қоса бере отырып, өтінішті;

2) капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттың және капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт бойынша міндеттемелерге қатысты оған өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың көшірмелерін ұсынады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі көрсетілген құжаттардың түпнұсқаларын, сондай-ақ капитал қозғалысы операциясын жүзеге асыруға қатысы бар және (немесе) ұсынылған құжаттарда сілтеме жасалған өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді танысу үшін сұратуға құқылы.

Шет тілінде жасалған құжаттар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасымен ұсынылады.

Капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа есептік нөмірді беру резидент осы тармақта көзделген барлық құжаттар мен мәліметтерді ұсынған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

4. Есептік тіркеу талаптары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі қатысушылары болып табылатын капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттарға қолданылмайды.

5. Резиденттердің (уәкілетті банктерді және шетелдік ұйымдардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда) капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттарға есептік нөмірлерді алу тәртібі және олардың міндеттемелердің туындауын, орындалуын және тоқтатылуын растайтын құжаттарды ұсыну мерзімдері, есептердің нысандарын және уәкілетті банктер мен осындай шарттарға қатысушылар болып табылатын резиденттердің оларды ұсыну мерзімдерін қоса алғанда, капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттар бойынша ақша қозғалысы мен міндеттемелердің өзге де орындалуын мониторингтеу тәртібі, талаптар мен өлшемшарттар, соның ішінде ол болған кезде осындай шарттар есептік тіркеуге жататын капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт сомасының шекті мәні және есептік тіркеу рәсімдеріне жатпайтын жағдайлар Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды мониторингтеу қағидаларында айқындалады.

6. Осы баптың талаптары «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушылары оның аумағында жүргізетін валюталық операцияларға қолданылмайды.

 

15-бап. Жүргізілген валюталық операциялар туралы хабардар ету

1. Жүргізілген валюталық операциялар, оның ішінде клиенттердің тапсырмасы бойынша жүргізілген валюталық операциялар туралы хабардар етуді уәкілетті банктер Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіне жіберілетін есептер нысанында жүзеге асырады.

2. Уәкілетті банктер төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүргізу кезінде алынған мәліметтер негізінде, сомасы шекті мәнге тең болатын немесе одан асатын жүргізілген валюталық операциялар туралы хабардар етеді.

Резидент немесе бейрезидент болып табылатын клиент шекті мәнге тең болатын немесе одан асатын сомада валюталық операция бойынша төлемді және (немесе) ақша аударымын жүргізу үшін уәкілетті банкке мынадай:

1) егер осы деректер төлем құжатында көрсетілгендермен сәйкес келмесе, төлем құжаты бойынша жөнелтушінің және бенефициардың тіркелген елі;

2) корпоративішілік ақша аударымының белгісі (заңды тұлға өзінің құрылымдық бөлімшелерімен жүзеге асыратын немесе бір заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелерінің арасында жүзеге асырылатын операциялар үшін);

3) төлем және (немесе) ақша аударымы жүргізілетін валюталық операцияның коды туралы мәліметтерді ұсынады.

Егер клиент резидент болып табылса, онда валюталық операция бойынша төлем және (немесе) ақша аударымы соның негізінде және (немесе) оны орындау үшін жүргізілетін валюталық шарт бойынша қосымша мынадай:

1) төлем құжаты бойынша жөнелтушімен және бенефициармен сәйкес келмеген жағдайда, валюталық шарт бойынша ақша жөнелтуші және ақша алушы туралы мәліметтерді;

2) төлем құжаты бойынша жөнелтушімен және бенефициармен сәйкес келмеген жағдайда, валюталық шарт бойынша ақша жөнелтушінің және ақша алушының тіркелген елі;

3) валюталық шарттың деректемелері және валюталық шарттың есептік нөмірі (ол болған кезде) туралы мәліметтерді ұсынады.

Валюталық операция бойынша төлем және (немесе) ақша аударымы туралы осы тармақта көрсетілген мәліметтерді клиент уәкілетті банкке ұсынады немесе уәкілетті банк клиент ұсынған құжаттар және (немесе) мәліметтер негізінде өзі дербес көрсетеді. Валюталық бақылау агенті ретінде уәкілетті банк валюталық операцияның кодын және осы тармақта көзделген өзге де мәліметтерді көрсетудің дұрыстығын қамтамасыз етеді.

Хабардар етуге жататын валюталық операция бойынша төлем және (немесе) ақша аударымының сомасына қатысты шекті мән, валюталық операциялардың кодтары және осы тармақта көрсетілген мәліметтерді ұсыну тәртібі Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.

3. Есептердің нысандарын және оларды ұсыну мерзімдерін қоса алғанда, уәкілетті банктердің жүргізілген валюталық операциялар туралы хабардар ету тәртібі Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды мониторингтеу қағидаларында айқындалады.

Мәліметтердің тізбесіне және «Астана» халықаралық қаржы орталығына қатысушылардың тапсырмасы бойынша валюталық операцияларды жүзеге асыратын уәкілетті банктердің оларды ұсыну тәртібіне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша «Астана» халықаралық қаржы орталығының актілерінде айқындалады.

4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталық операцияларды жасау мән-жайларын нақтылау мақсатында валюталық бақылау агенттерінен немесе резидент-жөнелтушіден, немесе резидент-бенефициардан хабарламаға енгізілген төлем және (немесе) ақша аударымы бойынша, осындай төлем және (немесе) ақша аударымы соның негізінде және (немесе) оны орындау үшін жүзеге асырылған валюталық шарттың көшірмесін, сондай-ақ осындай валюталық шарт бойынша өзге де мәліметтерді талап етуге құқылы.

5. Осы баптың талаптары «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушылары оның аумағында жүргізетін валюталық операцияларға қолданылмайды.

 

16-бап. Шетелдік банктердегі шоттар туралы хабардар ету

1. Резидент-заңды тұлға (банкті және шетелдік ұйымның филиалын (өкілдігін) қоспағанда) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін шетелдік банкте шот ашылғаны туралы осындай шотты пайдалана отырып операцияларды жүзеге асырғанға дейін осындай шотқа есептік нөмір беруге өтініш жасау арқылы хабардар етеді.

Резидент-заңды тұлға (банкті және шетелдік ұйымның филиалын (өкілдігін) қоспағанда) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне есептік нөмірін көрсете отырып, шетелдік банкте ашылған шотты пайдаланып жүргізілген операциялар бойынша ақпарат ұсынады.

Резидент-заңды тұлға (банкті және шетелдік ұйымның филиалын (өкілдігін) қоспағанда) шетелдік банктегі шотқа есептік нөмір беру үшін бизнес-сәйкестендіру нөмірін көрсете отырып өтінішті және шоттың деректемелері көрсетілген шетелдік банк құжатының көшірмесін ұсынады.

Есептік нөмір берілген шетелдік банктегі шоттың деректемелері өзгерген немесе ол жабылған жағдайларда, резидентзаңды тұлға (банкті және шетелдік ұйымның филиалын (өкілдігін) қоспағанда) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін бұл туралы белгіленген мерзімдерде хабардар етеді.

2. Резидент-жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін шетелдік банктердегі шоттары туралы хабардар етпейді. Жеке тұлғалардың шетелдік банктердегі меншікті шоттарынан (меншікті шоттарына) ақша аударымдары туралы осындай ақша аударымдарын жүзеге асыратын уәкілетті банк хабардар етеді.

3. Резидент-заңды тұлғалардың (банктерді және шетелдік ұйымдардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда) шетелдік банктердегі шоттар үшін есептік нөмірлерді алу тәртібі, осындай шоттар бойынша ақша қозғалысы жөніндегі есептердің нысандарын және оларды ұсыну мерзімдерін қоса алғанда, олардың шетелдік банктегі шот деректемелерінің өзгергені немесе оның жабылғаны туралы хабардар ету тәртібі, жеке тұлғалардың ақша аударымдары туралы есептерді уәкілетті банктердің ұсыну тәртібі Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды мониторингтеу қағидаларында айқындалады.

4. Осы баптың талаптары «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушыларына қолданылмайды.

 

17-бап. Валюталық операцияларды мониторингтеу мақсаттары үшін ақпарат ұсыну

1. Шетелдік қаржылық емес ұйымдардың Қазақстан Республикасында қызметін бір жылдан астам жүзеге асыратын филиалдары (өкілдіктері) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне резиденттермен және бейрезиденттермен жасалған операциялар туралы ақпаратты есептер нысанында, оның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сұрау салуы бойынша ұсынады.

Есептердің нысандарын және оларды ұсыну мерзімдерін, сондай-ақ шетелдік қаржылық емес ұйымдардың филиалдары (өкілдіктері) жүзеге асырған кезде есептерді ұсынуы талап етілетін қызмет түрлерін қоса алғанда, шетелдік қаржылық емес ұйымдар филиалдарының (өкілдіктерінің) ақпаратты ұсыну тәртібі шетелдік қаржылық емес ұйымдардың Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын филиалдарының (өкілдіктерінің) ақпарат ұсыну қағидаларында айқындалады.

2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша «Астана» халықаралық қаржы орталығының актілерінде жүргізілетін валюталық операциялар туралы мәліметтерді ұсыну бойынша «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушыларына қойылатын талаптар, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының органдары мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл жасау тәртібі белгіленеді.

 

 

5-тарау. ВАЛЮТАЛЫҚ БАҚЫЛАУ

 

18-бап. Валюталық бақылау органдары, агенттері және субъектілері

1. Қазақстан Республикасында валюталық бақылауды Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, өзге де валюталық бақылау органдары мен агенттері осы Заңға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және өзге де мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыретіне сәйкес Қазақстан Республикасындағы валюталық бақылау органдары болып табылады.

Уәкілетті банктер, уәкілетті ұйымдар, сондай-ақ клиенттердің тапсырмалары бойынша валюталық операцияларды жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар валюталық бақылау агенттері болып табылады.